Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы

Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы


Тұрмыстық зорлық -зомбылық біздің дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан , бүгінгі күнде өзекті мәселе болып табылады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін кінәлі адамдар Қазақстан Республикасында бекітілген бірнеше Заңдармен жауапкершілікке тартылады. Айта кеткенде: ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» заңы, ҚР қылмыстық кодексі,Тұрмыстық зорлық –зомбылық профилактикасы туралы Заңы, «Неке және отбасы» кодексі және басқа да нормативтік құқықтық актілер . Дегенменде, көбінесе адамдар болған жағдай туралы ашып айта бермейді, жасырады. Әрине, ол бекер.

Қазақстан Республикасысының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы»Заңының 4 бабына сәйкес зорлық-зомбылық түрлері – күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық болып бөлінеді.

Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып, денсаулыққа қасақана зиян келтіру.

Психологиялық зорлық – зомбылық - адамның психикасына қасақана әсер ету,оны қорқыту,қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды өмірге,денсаулыққа қауіп төндіетін , сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арылы ар-намысы мен абыройын кемсіту.

Сексуалдық зорлық-зомбыдық – адамның жыныстық тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер.

Экономикалық зорлық – зомбылық - адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын ұйінен, тамағынан,киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.

Қазақстан Республикасы Конституциясында адамның қадір –қасиетіне қол сұғылмайды,әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Иә,бұл Қазақстан Республикасының әр азаматының құқығы. Бірақ, болған жағдайды жасырып, ұят деп, құқықтарын қорғай алмай жүрген адам қаншама? Өкінішке орай, бұл қоғамдағы қалыптасқан стереотиптер салдарынан. Тұрмыстық зорлық-зомбылық - бұл отбасында тұрмыстық қатынастар аясында бір адамнық басқаға қатысты дене және психикалық зардап келтіретін немесе келтіру қаупі бар қасақана әрекеті немесе әрекетсіздігі. Тұрмыстық зорлық –зомбылық құрбандары көбінесе әйелдер мен балалар болып табылады.Әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық – зомбылық білім деңгейінің және әлеуметтік жағдайы төмендігі себебіне туындауы мүмкін.Бірақ, тұрмыстық зорлық –зомбылық жағдайлары берекелі, дәулетті отбасыларында да туындауы мүмкін. Тұрмыстық зорлық –зомбылық жағдайындағы ең осал топ – бұл балалар. Балалар тұрмыстық зорлық –зомбылық жағдайында құрбан немесе куәгер болуы мұмкін.Құрбан болған балалар ересектер тарапынан жасалған агрессия қылық , іс әрекеттерге төтеп бере алмайды, өздерін қорғай алмайды. Тіпті қорыққандарынан ешкімге айтпауы мүмкін. Бұл балалармен ересек агрессорлар арасындағы билік күшінің тең емес қарым қатынасына байланысты. Кішкентай балалар зорлық зомбылық орын алған кезде ересектердің мінез – құлықтарындағы өзгерістерді айтып бере алмайды және қорғана алмайды, олардың тәжірибесі жоқ. Бұл жағдайда ересек отбасы мүшелері баланың шағымдарын тыңдап ескеру қажет. Көмек көрсету жолдарын қарастыру тиіс. Үнемі зорлық-зомбылықтық куәгері болған балаларда басқа балаларға қарағанда эмоционалды және мінез-құлық проблемалары көбірек кездеседі. Қорқыныш,үрей,сенімсіздік ,тұйықталу т.с.с. жағдайлар байқалады. Мектеп жасындағы балалар сабаққа салғырт қарап, қызығушылық танытпайды. Ол кезде мұғаліммен мектеп психологтары отбасымен байланысып балаға көмектесулері қажет. Жағдайдың күрделілігіне қарай басқа да мамандар көмегіне жүгіну керек. Ересек отбасы мүшелері зорлық-зомбылық жағдайына душар болмау жолдарын айтып балалармен әңгімелесу керек, кейбір ережелерді түсіндіру қажет.

Мысалы:

  • -Көшеге беймезгіл уақытта шықпау, көшеде бейтаныс адамдармен сөйлесіп оларға ермеу.
  • -Егер сізге тұрмыстық зорлық –зомбылық қаупі төнсе, үйден кетіп қалуға әрекет жасаңыз. Полицияға хабарласыңыз.
  • -Бабаларды сақтыққа, зейінділікке, қауіпті жағдайлардың алдын алуға үйретіңіз, ондай жағдайларды тек үйде емес далада да кездестірулері мүмкін.
  • -Үйде жалғыз болғанда бөтен адамды кіргізбеу
  • -Бөтен адамның көлігіне отырмау, бөтен адамдардан сыйлық-тәттілерді алмау.
  • -Қараңғы көшелер ,саябақтармен жүрмеуге үйрету.

Елімізде тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қарсы іс-қимыл асыратын субъектілерді біле жүріңіз:

1. Қазакстан Республикасының Үкіметі 2. Жергілікті атқарушы органдар 3. Отбасы және гендерлік саясат істері жөніндегі комиссия 4. Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялар 5. Ішкі істер органдары 6. Көмек көрсету ұйымдары 7. Білім беру органдары 8. Қамқоршылық және қорғаншылық органдары 9. Дағдарыс орталықтары

Қазақстан бойынша сенім телефоны- 150

Өмірдегі қымбат жандарымызды қорғап, қадірлейк!

Балаларға қауіпсіз ортаны қалыптастыруды үйренейік!

Гульфайруз Абатова

«Поликлиника Дау-Мед» ЖШС-гі психологы